• aksu.oo@pavlodar.gov.kz
  • 140100, Ақсу қаласы, Строителей көшесі, 14б
  • Call-орталық 8 (71837) 65941, 87713572153
  • Жұмыс уақыты: ДС-ЖМ 9-00-ден 18-30-ға дейін; түскі үзіліс 13-00-ден 14-30-ға дейін

№2 ЖОББМ Балаларды қорғау күніне орай «Тұсау кесу» рәсімі өткізілді

Мектебімізде Балаларды қорғау күніне орай «Тұсау кесу» рәсімі өткізілді. Қазақ халқында балаға қатысты наным-сенімдер өте көп. Қазақ – балаға, әсіресе, бала тәрбиесіне, көп көңіл бөлген халық. Жалпы бала дүниеге келгеннен бастап, есейген шағына дейін 20 шақты әдет-ғұрып жасалады. Қазақ халқы секілді баланы ерекше қадірлеп, көңіл бөлетін халық жоқ десек те артық болмас. Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ “баламыз тез жүріп кетсін” деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатып той жасайды. Сәбидің тұсауын ала жіппен, тоқ ішекпен және жасыл шөппен кескен. Ала жіппен кескенде «ешкімнің ала жібін аттамасын, еліне адал қызмет қылсын» деген ниет, ал тоқ ішекпен кескені «балам бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын» дегені, жасыл шөппен кескені «баламыз көк шөптей көгеріп өссін, ұрпақты, үрім-бұтақты болсын!» - деп ырымдауы.
Бүгін қаламыздың «Құрметті азаматы», қалалық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Залмұқан Арынұлы Арынов Ғабит Айша мен Хадишаның тұсауын кесіп, батасын берді.
Балалардың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін табыстап, арнайы «тұсау кесер» сыйлығын берді. Дәстүр бойынша баланың алдарына бірнеше зат қойылды. Ол соның біреуін қалауы арқылы өмірлік жолын таңдайды деп есептеледі. Егіз қыз кітап пен домбыра таңдап, жиналған қауым қыздар өскенде ғылым мен өнер жолын қуған азаматша болады деп ырымдады. Болашақта балалар Залмұқан Арынұлына ұқсаған еліне еңбегіне сіңер азамат болатынына сенеміз.

01-06-2022